Жүгіру жолы
Кіру
AA+
+7 (72 644) 6-06-76; 87775121720
+7 (72 644) 6-06-76
+7 (777) 512 1720
Мы приняли ваш запрос и в скором времени обработаем его! К сожалению, мы не смогли отработать ваш запрос.
Задать вопрос
Жүгіру жолы
Балабақша

«Балақайлар мектебі»
Мектепалды даярлықтың
Бағдарлама мазмұны

 

Физикалық қасиеттерді дамыту

Физикалық қасиеттерді дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын сергіту сәттері, қимылды, спорттық және ұлттық ойындарда жүзеге асырылады.

Міндеттері:

- балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету;

- физикалық белсенділікті дамыту;

- салауатты өмір салты дағдыларына баулу;

- физикалық сапаларды: күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік, ептілікті дамыту;

- ойындардың барысында шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін дамыту;

- ұлттық қимылды ойындар, жарыс элементтері бар ойындар мен эстафеталық ойындарға белсенділікпен қатысуға тарту.

Физикалық дамыту физикалық дені сау баланы тәрбиелеуді, өз денсаулығына саналы түрде қарауды, салауатты өмір салты негіздерін, қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды қарастырады.

Тәрбиелеу-білім беру процесі кезінде сабақтар мен ойындар арасындағы сергіту сәттеріне уақыт бөлінеді.

Мазмұны мен нысаны бойынша әртүрлі сергіту сәттері таңдалады, олар жалпы дамытушы жаттығулар, түрлі ойындар (4-қосымша), би қимылдары түрінде өткізіледі;

- саусақтармен орындалатын сергіту сәттері (5-қосымша), олардың барысында балалар ересектердің қимылдарын қайталай отырып, қолдың моторикасын дамытады. Осылайша баланың ептілігі, өзінің қимылдарын басқара білуі, бір әрекет түріне назар аударуы қалыптасады;

- сөйлеу мен қимылдар бірге орындалатын сергіту жаттығулары (6-қосымша), балалар бірге шағын көңілді өлеңдерді оқиды және бір уақытта әртүрлі қимылдарды сахналай отырып, орындайды;

- билер мен ырғақпен орындалатын сергіту сәттері, олар көңілді музыкамен орындалады, барлық қимылдар ерікті.

 Сергіту сәттерін өткізгенде балалар партада/үстелдің басында отыруы немесе оның жанында тұруы, тақтаның жанында немесе парталардың/үстел-дердің арасында, шеңберде және шашырап, жұппен тұруына болады.

Күтілетін нәтижелер:

- негізгі қимылдардың түрлерін меңгерген (жүру, жүгіру, секіру);

- құрдастарымен қимылды ойындарды ұйымдастыруда бастаушы болады, ойын ережелерін сақтайды, ептілік, жылдамдық, төзімділік танытады.

 

Коммуникативтік дағдыларды дамыту

Коммуникативтік дағдыларды дамыту сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет, сауат ашу негіздері ұйымдастырылған іс-әрекеттері/сабақтар арқылы жүзеге асырылады.

Міндеттері:

- коммуникативтік дағдыларды дамыту: әңгімелесушіні тыңдауға, диалог жүргізуге, өз пікірін айтуға үйрету;

- сауат ашудың алғышарттарын қалыптастыру;

- ересектермен және балалармен еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіру;

- қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы ауызекі сөйлеуді дамыту.

Сөйлеуді дамыту

Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті

Дыбыстарды дұрыс және анық айтуды бекіту. 

Сөздегі дыбыстардың орнын анықтау (басы, ортасы, соңы) дағдыларын қалыптастыру.

Сөздік қор

Балалардың сөздік қорын тұрмыстық заттарды білдіретін зат есімдермен, сын есімдермен байыту.

Сөйлегенде көп мағыналы сөздерді, синонимдер мен антонимдерді қолдану.

 Сөздік қорды (сөздік минимум үлгісін) қолдану (7-қосымша).

Тілдің грамматикалық құрылымы

Сөйлемдердегі сөздерді үйлестіре білуді қалыптастыру, сөйлеу әдебінің нысандарын пайдалану, жай және құрмалас сөйлемдерді қолдану; интонациясы бойынша сөйлемдерді (хабарлы, сұраулы, лепті) ажырату, сөйлегенде қолдана білу.

Байланыстырып сөйлеу

Айналасындағылармен өздігінен диалогті бастауға ынталандыру, әңгімелесушіні мұқият тыңдап, сұрақтарды дұрыс қоюға және қойылған сұрақтарға қысқаша немесе толық жауап беруге баулу.

Негізгі ойды дұрыс жеткізе білу, монологты байланыстырып құра білу, әңгімені бірізді айту, шағын логикалық және хабарлау сипатындағы әңгімелерді құрастыра білуді қалыптастыру.

Көркем әдебиет

Көркем әдебиетке деген қызығушылықты дамыту.

Әдеби шығармаларды (ертегі, әңгіме, өлең) ажыратуға үйрету.

Сауат ашу негіздері

Сөздегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың ретін анықтай білуді қалыптастыру.

Буын туралы түсінікті қалыптастыру, сөздерді буындарға бөлуге, олардың саны мен ретін анықтауға үйрету. Буындардан сөздер құрастыруға (ауызша) үйрету.

Сөйлем туралы бастапқы түсініктерді қалыптастыру.

Қолды жазуға дайындау. Жазу кезінде арқаны дұрыс ұстау ережелерімен таныстыру. Геометриялық фигуралардың, көкөністердің, жеміс-жидектердің дайын суреттерінің сыртын шетке шығармай бастыруға, бояуға үйрету; әртүрлі бағыттағы тігінен, көлденең, қысқа, ұзын, толқынды, ирек сызықтарды, нүктелерді, тамшы тәрізді пішіндерді олардың арасындағы арақашықтықты сақтап, алдымен үлгі бойынша және кейін өз бетінше жазуға мүмкіндік беру. 

Қаламды немесе қарындашты дұрыс, еркін ұстай отырып, жоғарыдан төменге, солдан оңға қарай қозғалыстар жасай отырып, сызықтарды үзбей, күш жұмсамай, жазуды көзбен қадағалаңыз.

Коммуникативтік дағдыларды дамыту ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, әртүрлі өмірлік жағдайларда қарым-қатынас жасау дағдыларын меңгеруді, қолдың ұсақ моторикасын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды көздейді.

Сөйлеуді, көркем әдебиетті және сауат ашу негіздерін дамыту бойынша сабақтар кестеге сәйкес, балалар іс-әрекетінің әртүрлі түрлері (ойын, шығармашылық, еңбек және т.б.) арқылы жүзеге асырылады.

Педагогтерге балалардың сөйлеуін дамыту үшін әр бала жеке жауап бере алатындай түрлі сұрақтарды жиі қойып, олармен кез-келген тақырыпта көбірек сөйлесіп, балалардың пікірлерін тыңдай білу қажет.

Сабақ барысында балалар сөздердегі жекелеген дыбыстарды, сөздегі бірінші дыбысты анықтауға, белгілі бір дыбысы бар сөздерді таңдауға, қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстарды есту арқылы ажыратуға, суреттер бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге және артикуляциялық жаттығуларды орындауға үйренеді (8-қосымша).

 Сонымен қатар, педагогтер балалардың сөздік қорын байытып, оларды қарым-қатынас жасауға тарту қажет, сондай-ақ балалардың сөздік қорын байыту үшін заттарды, орындарды сипаттауға қосымша мағына беретін көптеген таныс және жаңа сөздерді (мысалы, «әдемі көйлек» сөзін «стильді», «сәнді», «талғампаз» сөзімен ауыстыруға болады) қолдану ұсынылады. Жаңа сөздерді қолданған кезде педагог балаларға олардың мағынасын түсіндіруі қажет.

Педагог «иә» және «жоқ» деген қарапайым жауаптарды қажет ететін сұрақтарды қоймай, баламен диалог құруы тиіс (толық жауап беруді қажет ететін сұрақтар қою).

Қазіргі әлемде гаджеттердің басымдық танытуына қарамастан баланың зияткерлік дамуы үшін кітап оқудың маңызды екенін атап өткен жөн. Балаларға кітаптың электронды нұсқасын емес, шынайы кітапты оқып беру оның ішкі жан-дүниесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Осыған байланысты педагогтер балаларға әдеби шығармаларды (ертегі, әңгіме, өлеңдер) оқып беруі, олармен бірге суреттерді қарауы, балаларға берілген тақырып бойынша шағын әңгімелер құрастыруға тапсырмалар беруі қажет.

Балаларға сөздерді үйрету бойынша жұмыс жүргізіледі. «Буын» термині енгізіледі, балалар сөзді буындарға бөлуді үйренеді (шапалақпен және қадаммен санау).

«Дауысты дыбыс» термині енгізіледі және ол қызыл текшемен белгіленеді, содан кейін «дауыссыз дыбыс» термині енгізіледі, оны қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстарға бөлу, оларды көк және жасыл текшелермен (сигналдармен) белгілейді.

Балаларды мектепке дайындаудың қажетті міндеттерінің бірі - қолдың ұсақ моторикасын, іс-әрекетті үйлестіруді дамыту. Бұл жаста бала үшін жазу элементтерін игеру қиынға соғады және осы қиындықтарды жеңуге қарындашпен графикалық жұмыс, саусақтарды дамытатын ұсақ пластикпен жұмыс, сурет салу, модельдеу сабақтары көмектеседі. Әрбір көркемдік техника белгілі бір деңгейде бала қолының, білегінің және саусақтарының бұлшық еттерін дамытады. Мысалы, графикалық жұмыс қимылдарды жақсы үйлестіруге үйретеді, мүсіндеу саусақтарды дамытады, ал кескіндеме техникасымен орындалатын тапсырмалар қолмен еркін қимылдар жасауға ықпал етеді.

Күтілетін нәтижелер:

- дыбыстарды дұрыс айтады, сөйлегенде жай және құрмалас сөйлемдерді қолданады, ересектің айтқанын түсінеді және толық жауап береді;

- шағын әңгімелер құрастырады, мәтіннің мазмұнын айтып береді, өлеңдерді жатқа айтады;

- дауысты, дауыссыз дыбыстарды ажыратады, сөздерді буындарға бөледі, сөздерге дыбыстық талдау жасайды;

- қағаз бетінде бағдарлайды, қарындашты дұрыс ұстайды;

- қазақ тілінің ерекше дыбыстарын дүрыс айтады, айналасындағы заттарды және қарапайым әрекеттерді атайды.

 

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, математика негіздері ұйымдастырылған іс-әрекеті/сабақтар арқылы іске асырылады.

Міндеттері:

- танымдық қызығушылықты, білуге құмарлықты, білім беру әрекетіне қызығушылықты дамыту, мектепте оқуға ынтасын арттыруды дамыту;

- зейінді, есте сақтауды, бақылауды, зерттеуді, талдау жасай білуді, себеп - салдарлық байланыстарды орнатуды, қорытынды жасауды дамыту.

Жиын

Жиынды (түсі, өлшемі, пішіні, қолданылуы, дыбысы, қимылы бойынша заттардан) құруға үйрету.

 

Сан және санау

10 көлеміндегі сандарды тура және кері санауға жаттықтыру. «Қанша?», «Нешінші?» («Қандай») сұрақтарын ажыратуға және оларға дұрыс жауап беруге үйрету.

Шама

Заттарды әртүрлі белгілері бойынша (түсі, пішіні, өлшемі) салыстыра білуге үйрету.

Геометриялық фигуралар

Геометриялық фигуралар (дөңгелек, сопақша, үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш)

мен денелерді (шар, текше, цилиндр) ажыратып, оларды дұрыс атай білуге үйрету.

Кеңістікті бағдарлау

Заттарды кеңістікте және өзіне қатысты орналастыру (сол жақта, оң жақта, жоғарыда, төменде) дағдысын қалыптастыру.

Уақытты бағдарлау

Әртүрлі оқиғалардың, апта күндерінің, тәулік бөліктерінің реті, айлар, жыл мезгілдері туралы түсініктерді қалыптастыру, олардың ретін білу және атау.

Мектепалды жастағы балаларға математика негіздері бойынша сабақтарды дидактикалық ойындар, танымдық әңгімелер, бейнелеу әрекеті, театрландырылған және дербес әрекет, құрастыру, эксперимент жасау, математикалық мазмұндағы әңгімелер және басқалар арқылы ойын түрінде ұйымдастыруға болады.

Ол үшін тиісті сұрақтар қою, балалардың математикалық терминдерді қолданып, берген жеке жауаптарын тыңдау, олардың өз бетінше зерттеу әрекеті арқылы меңгерген дағдылары негізінде заттарды талдауына назар аудару қажет.

Сонымен қатар, педагог балаларға 10 көлеміндегі сандарды тура және кері санауды үйрету қажет. Бала бұл сандарды «жаттап» қана қоймай, санауды іс жүзінде қолдана білуі тиіс, яғни сан мен затты сәйкестендіре білуі (мысалы, балаға киіміндегі 10 түймені санауды ұсынуға болады). Бала санау процесін саналы түрде түсіне білуі қажет.

Негізгі геометриялық пішіндердің (дөңгелек, төртбұрыш, сопақша, үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш) атауларын білу және оларды атау.

Заттарды әртүрлі белгілері бойынша салыстыру: түсі, пішіні, өлшемі.

Математика негіздері бойынша сабақтарда әдістер мен тәсілдердің кешенін қолдану қажет: практикалық, ауызша, көрнекі, ойын.

Балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытуда балалардың бірлескен және дербес әрекетін ұйымдастыру маңызды рөл атқарады.

Сабақ барысында алынған білім педагогтің балалармен бірлескен әрекетінде - жұмбақтарды шешу, мақал-мәтелдермен таныстыру және оларды жаттау кезінде, ойындарда бекітілуі керек. Сондай-ақ, сабақтарда және педагогпен бірлескен әрекетте алынған математикалық білімді «Супермаркет», «Сұлулық салоны», «Жанармай құю станциясы» сюжетті - рөлдік ойындарында қолдануға болады.

Бірлескен әрекеттерді топпен, шағын топтармен, жұппен өткізуге, сонымен қатар, жарыс сипатындағы ойындарда қолдануға болады.

Күтілетін нәтижелер:

- 10 көлеміндегі сандарды тура және кері санайды; 

- заттарды әртүрлі белгілері бойынша (түсі, пішіні, өлшемі, көлемі, саны, материалы) салыстырады;

- уақытты, кеңістікті, жазықтықты бағдарлайды;

- геометриялық фигуралар(дөңгелек, сопақша, үшбұрыш, шаршы тіктөртбұрыш)

мен денелерді (шар, текше, цилиндр) ажыратады және дұрыс атайды;

- ойын түріндегі логикалық тапсырмаларды орындайды, қызығушылық танытады, берілген міндетті шешудің тәсілдерін табады.

 

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сурет салу, мүсіндеу, жапсыру ұйымдастырылған іс-әрекеттері/сабақтар арқылы іске асырылады.

Міндеттері:

- балалардың шығармашылық қабілеттерін, қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан қабылдауын дамыту;

- өзінің, құрдастарының жұмыс нәтижелерін бағалай білуге, жұмысты ұжыммен орындауға баулу;

- балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық мәдениетке баулу арқылы отансүйгіштікке баулу үшін жағдай жасау;

- балалардың түрлі әрекеттерінде қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету.

Сурет салу

Заттардың пішіндеріне, бөліктердің салыстырмалы өлшеміне және олардың орналасуына сүйене отырып, түстер мен олардың реңктерін беру, негізгі пішінді, заттар мен олардың бөліктерінің пропорцияларын жеткізе білуге үйрету, түстерді өз қалауы бойынша таңдау.

Мүсіндеу

Қарапайым пропорцияларды сақтай отырып, табиғаттан және әр түрлі пішіндегі және мөлшердегі таныс заттарды: көкөністерді, жемістерді, ойыншықтарды, ыдыс-аяқтарды, адам мен жануардың фигураларын мүсіндеу қабілетін қалыптастыру.

Жапсыру

Қайшыны қолдануды үйрету: жолақтардан тікбұрышты пішіндер, шаршылардан үшбұрышты пішіндер, шаршы немесе тікбұрыштың бұрыштарын қию арқылы дөңгелек және сопақша пішіндерді қиып алу.

Қатпарланып бүктелген қағаздан бірдей бірнеше пішіндерді және екіге бүктелген қағаздан симметриялы пішіндегі заттарды қию.

Сурет салу, мүсіндеу, жапсыру сабақ кестесіне сәйкес балалардың қызығушылықтары ескеріле отырып жүзеге асырылады және олар түрлі әрекетпен немесе көпшіліктің қалауы бойынша барлығы бір әрекет түрімен айналыса алады.

Бейнелеу әрекетін орындау кезінде балаларға еркіндік беру, айналада болып жатқан оқиғаларды түсіну, тәжірибе мен дағдыларды меңгеру, қиялын дамыту, шығармашылық қабілеттерін ашу үшін шығармашылық тапсырмаларды орындауға тарту, педагог дайындаған үлгімен шектелмей, болып жатқан оқиғаларға деген қатынасын білдіру үшін бейнелеу құралдарын қолдану ұсынылады.

Сурет салу - балалардың шығармашылық белсенділігін танытатын сүйікті әрекеттерінің бірі. Суреттердің тақырыбы әртүрлі болуы мүмкін - қоршаған ортадағы жекелеген заттар мен көріністер, әдеби кейіпкерлер, сәнді өрнектер және т. б.

Педагог балаларды сурет салуға үйрете отырып, заттардың пішініне назар аударуға, оларды бір-бірімен салыстыруға, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табуға, пропорцияларды, түстерді дұрыс бере білуге баулиды.

Мүсіндеу кезінде балалар тек жұмсақ пластикалық материалдармен, қолмен жасауға оңай — сазбалшықпен, ермексазбен, қамырмен жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді. Балалар адамдарды, жануарларды, ыдыс-аяқты, көлікті, көкөністерді, жемістерді, ойыншықтарды мүсіндейді. Түрлі тақырыптар баланың танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыратын тәрбиелік міндеттерді орындайды. Мүсіндеу кезінде балаларға жұмысты ұқыпты орындау, жұмыс аяқталғаннан кейін заттарды жинау, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескерту қажет.

Жапсыру сабақтары математикалық түсініктерді дамытуға ықпал етеді. Балалар қарапайым геометриялық пішіндердің атауларымен және белгілерімен танысады, заттардың және олардың бөліктері мен шамаларының кеңістіктікте орналасуы туралы түсінікке ие болады. Бұл түсініктерді балалар сәндік өрнекті жасау процесінде немесе заттың бөліктерін бейнелеуде оңай меңгереді.

Жапсыру процесінде балаларда түсті, ырғақты, симметрияны қабылдауы дамиды және осының негізінде көркемдік талғамы қалыптасады. Қолдың бұлшық еттері, қимылдардың үйлесімділігі дамиды. Бала қайшыны қолдануды, пішіндерді дұрыс қиюды үйренеді.

Сурет салуға, мүсіндеуге, жапсыруға үйрету балалардың ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесіне ықпал етеді.

Күтілетін нәтижелер:

- шынайы бейнесіне қарап және ойдан заттарды мүсіндейді;

- қиялы, ауызша сипаттама, ұсынылған тақырып бойынша әр түрлі материалдардан өзбетінше, құрдастарымен бірге құрастырады;

- бояулармен және қарындаштармен сурет салады, контурдан шықпай бояйды, негізгі түстер мен олардың реңктерін ажыратады;

- қайшыны қолдана алады, пішіндерді қияды.

 

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған іс-әрекеті/сабақ арқылы іске асырылады.

Міндеттері:

- балаларды қоғамның әлеуметтік және этикалық нормалары мен дәстүрлеріне, жалпы адами құндылықтарға баулу, дербестікке тәрбиелеу;

- Отан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту;

- еңбек түрлеріне және әртүрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды қалыптастыру;

- табиғат әлеміне танымдық қызығушылықты, табиғаттың тірі объектілеріне, қоршаған ортаға жанашырлық сезімін дамыту.

Қоршаған ортамен таныстыру

Бала, оның отбасы, үйі

Туыстық байланыстар туралы (атасы, әжесі және жақын туыстары) түсінік қалыптастыру. Отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау, үлкендерді сыйлау, кішіге ізет көрсету, үй шаруасына көмектесу, отбасы мүшелеріне жақсы көретінін білдіру, алғыс айту, сыпайы сөйлеуге тәрбиелеу.

Көлік, байланыс құралдары

Көлік құралдарының түрлері, белгілі бір жұмыс түрін орындау үшін олардың жабдықталуы туралы түсінік қалыптастыру.

Еңбекке баулу

Әртүрлі мамандықтар, олардың еңбегінің мазмұны мен нәтижесі туралы түсінікті дамыту.

Адамгершілік және патриоттық тәрбие

Туған өлке, мемлекеттік және халықтық мерекелер, еліміздің рәміздері, оның маңызы туралы білімдерін кеңейту.

Тірі және өлі табиғат объектілерінің маңыздылығын түсіну.

Туған өлке көрнекі жерлері мен тарихи орындары туралы білімін қалыптастыру.

Туған ел, табиғат туралы білім беру.

Жол қозғалысы ережелері

Жолда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Табиғатпен таныстыру

Тірі және өлі табиғат құбылыстары туралы білімдерін қалыптастыру. «Өлі табиғат» ұғымымен (су, ауа, мұз сүңгілері, күн, бұлт, қар, тастар, жел, жаңбыр) таныстыру. Өлі табиғат заттарын адамның қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.

Өсімдіктер әлемі

Балалардың өсімдіктер туралы түсініктерін кеңейту. Балаларды туған табиғатының алуан түрлілігімен: ағаштар, бұталар, шөптесін өсімдіктер. «Дала», «орман», «шалғын» және «бақша» ұғымдарымен таныстыру.

Жануарлар әлемі

Қазақстан аумағын мекендейтін жануарлар мен олардың төлдерін атау және олардың өздеріне тән белгілері бойынша ажырату дағдыларын қалыптастыру.

Қоршаған ортамен таныстыру бойынша сабақтар объектілерді бақылау (тірі және өлі табиғат), заттарды зерттеу, материалдармен эксперимент жасау, оқып беру (педагогтің тиісті ақпаратты оқып беруі, кітаптарды, иллюстрацияларды қарау), әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, ойын әрекеті арқылы жүзеге асырылады.

Педагогтер балада «Мен» бейнесін қалыптастыру арқылы балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен отбасылық құндылықтарға баулуға, әртүрлі мамандықтар, ересектердің еңбегі туралы білімді қалыптастыруға, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, Отанның тарихы мен мәдениетін құрметтеуге басымдық беруі қажет.

Мектепалды жастағы балаларда әлеумет туралы түсінік болуы қажет. Бұл мынадай тақырыптар: «Мамандықтар», «Көлік», «Киім», «Үй», «Мен және отбасым», «Мен және менің достарым», «Менің елім», жол қозғалысының ережелері, өрт қауіпсіздігі, қоғамдағы мінез-құлық ережелері, салауатты өмір салты арқылы іске асырылуы тиіс.

Сондай-ақ, балаларда табиғат туралы бастапқы түсінік болуы қажет: мысалы, «Адам табиғаттың бір бөлігі», «Үй жануарлары мен жабайы жануарлар», «Жәндіктер», «Өсімдіктер», «Жыл мезгілдері және маусымдық өзгерістер» тақырыптары бойынша қарастыруға болады.

Мектепалды жастағы балалар үшін қоршаған ортамен таныстыру сабағы аптасына үш рет өткізіледі. Табиғатпен таныстыру бойынша ойындар күн сайын өткізіледі. Қоршаған ортамен таныстыруда өңірлік компонентті ескеру қажет.

Күтілетін нәтижелер:

- Отан, мемлекеттік рәміздер, мерекелер, ұлттық салт-дәстүрлер туралы түсініктерге ие, отансүйгіштік сезімдерін көрсетеді;

- туыстық байланыстарды, отбасылық дәстүрлерді біледі, үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсетеді;

- жыл мезгілдерін, табиғат құбылыстарын, жануарлар мен өсімдіктерді біледі, туған өлкенің табиғатына қамқорлық танытады;

- әр түрлі мамандықтарды біледі және ересектердің еңбегін құрметтейді;

- ұжымдық әрекет түрлеріне қатысады, тапсырмаларды орындайды, жұмыстың нәтижелерін бағалайды;

- үйде, қоғамдық орындарда, жолда, табиғатта және төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын меңгерген.