«Балақайлар мектебі»
Мектепалды даярлықтың
Қысқа мерзімді бағдарламасы
Түсіндірме жазба
Балаларды мектепалды даярлау бес жастан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарында немесе отбасында жүзеге асырылады1.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі - бастауыш мектепке барған кезде әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету болып табылады.
«балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру» - мектеп жасына дейінгі балаларға отбасының әл-ауқатына, тұрғылықты жеріне және ұлтына қарамастан, ата-аналардың қалауы бойынша мектепте табысты оқуы үшін қамтамасыз етілетін тең жағдайлар жасауды білдіреді.
Жазғы кезеңде мектепалды даярлықпен қамтылмаған балалар үшін ата-аналардың қажеттілігі ескеріліп, білім беру ұйымдары жанында мектепалды даярлықтың қысқа мерзімді бағдарламасын (бұдан әрі - бағдарлама) іске асыратын «балақайлар мектебі» ұйымдастырылады.
Бағдарламаны іске асыру ұзақтығы жазғы кезеңде 1 айды құрайды.
Білім беру ұйымы ұйымдастырылған іс-әрекет/сабақ кестесін бекітеді.
Топтағы/сыныптағы балалар саны - 25 адамнан артық болмауы тиіс.
Апталық оқу жүктемесі - 20 сағаттан аспауы тиіс.
Жұмыс тәртібі - аптасына бес күн 4-5 сабақты, ұзақтығы - 10 минуттық үзіліспен - 30 минутты құрайды (қосымша - 1, 2, 3).
Үзіліс кезінде қимылды ойындарды ойнату ұсынылады.
Тәрбиелеу-білім беру процесін жүзеге асыру үшін жайлы жағдайлар жасалуы тиіс: талаптарға сәйкес жарақтандырылған жеке оқу кабинеті2.
Бағдарлама мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының3 талаптарына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарлары4 мен үлгілік оқу бағдарламасы негізінде әзірленді5.
Бағдарлама мақсаты - балаларды бастауыш мектепте оқуға дайындау.
Міндеттері:
Құзыреттіліктерді дамыту (физикалық қасиеттерді дамыту, коммуникативтік дағдыларды, танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту, шығармашылық дағдыларды, балалардың зерттеушілік іс-әрекетін дамыту, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды қалыптастыру);
Мектепте оқуға тұлғалық, зияткерлік, әлеуметтік-психологиялық дайындықты қалыптастыру;
Баланың оқуға ынтасын қалыптастыру;
Баланың білім алуға деген қызығушылығы мен қалауын, ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасауын дамыту.
Бағдарлама мектепалды даярлық пен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты көздейді, педагогтер мен ата-аналарға балаларды мектепте оқуға дайындауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама мазмұны балалардың психологиялық дайындығын ескере отырып, мектепте оқуға дайындықтың барлық аспектілерін қамтиды.
Әрбір сабақ екі блоктан тұрады.
Бірінші блок эмоционалды-ерікті, адамгершілік саланы, коммуникативтік дағдыларды дамытуға арналған жаттығуларды, этикалық әңгімелерді қамтиды.
Екінші блокқа танымдық процестерді, қолдың ұсақ моторикасын, қимылдарды үйлестіруді дамытуға арналған ойындар мен тапсырмалар және релаксация жаттығулары кіреді.
Жұмыстың келесі нысандары қолданылады:
- жеке;
- топтық;
- шағын топпен.
Ұйымдастырылған іс-әрекет/сабақтар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын түрінде өткізіледі.
Сабақтарды құру принциптері:
- психологиялық жайлы атмосфера құру;
- балалардың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкестігі;
- талаптар мен жүктемелердің сәйкестігі;
- мейірімділік таныту және бала еңбегінің нәтижелеріне құрметпен қарау;
- баланың қызығушылығы мен белсенділігін қолдау;
- ересектер мен баланың өзара әрекеті.
Бағдарламаны меңгеру нәтижесінде балалар құрдастар тобына жеңіл бейімделеді, әрекеттерді бірге орындау арқылы оларда ынтымақтастық қалыптасады, өзіне деген сенімділігі артады.
5 жастағы балалар дамуының физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері
Мектепалды жастағы балаларға зияткерлік, адамгершілік-ерік-жігер мен эмоционалды тұрғыдан қарқынды даму тән болып келеді.
Бұл жаста балалардың мінез - құлқында сапалы өзгерістер болады - өзін-өзі бақылауы қалыптасады, олар бұрын ересектер қойған талаптарды өзіне қоя бастайды.
Бес жастағы балалар белсенділік танытуға, сұрақтар қоюға және эксперимент жасауға ұмтылысы арқылы қоршаған әлем туралы түсініктерді меңгереді. Бұл жастағы бала негізгі түстерді біледі және реңктер туралы түсінікке ие (бір түстің екі реңкін көрсете алады - ашық қызыл және қою қызыл).
Балалар геометриялық фигуралардың айырмашылықтарын айтып бере алады. Баланың кеңістікті бағдарлау қабілеті артады, зейіні тұрақты және ерікті болады. Олар ересекпен бірге 20-25 минут бойы қызықты емес, бірақ қажетті әрекетпен айналыса алады. Бұл жастағы балалар ересектер белгілеген ережелерге сәйкес әрекет етуге қабілетті. Есте сақтауы айтарлықтай өзгермейді, оның тұрақтылығы артады. Сонымен қатар, балалар есте сақтау үшін қарапайым тәсілдер мен құралдарды қолдана алады.
5 жастағы балаға белсенділік (өнімді) қиялының дамуы тән болып келеді, ол практикалық әрекеттен бөлініп, дербестікке ие бола бастайды. Бала қиялдағы бейнелері арқылы толық және нақты шындықты көрсете алады, шынайы және ойдан шығарылған нәрселерді (заттарды) анық ажырата бастайды. Көрнекі-бейнелі ойлау жетекші мәнге ие болады, бұл балаға көрнекі құралдарды және әртүрлі заттар мен құбылыстардың қасиеттері туралы түсініктерді қолдана отырып, неғұрлым күрделі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Балада сөздік-логикалық ойлау пайда болады.
Педагогтердің негізгі міндеттері
Педагогтердің негізгі күш-жігері балалардың мектепте оқуға ынтасын қалыптастыруға, дербес, командада әрекет ете білуге, білуге құмарлықты, шығармашылық белсенділікті дамытуға бағытталуы тиіс.
Сыныпта/топта эмоционалды жайлылықты орнату. Әр балаға жылы қабақ таныту, барлық балаға мейірімді, кешірімді болу, олардың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды, жетістіктеріне қуана білуді, бастамашылдығына қолдау көрсетуді, әр бала өзін қауіпсіз сезінуі үшін оларға сенім білдіру.
Балалардың ұлтына, әлеуметтік статусына, психофизиологиялық және басқа ерекшеліктеріне қарамастан барлығына бірдей көңіл бөлу және әділ болу.
Балаларды тыңдай және есту білу, сұрақтар қою, дәлелдер іздеу, сыни тұрғыдан талдау және шығармашылық эксперименттер жүргізу.
Педагогтер белсенді зерттеуші және балалармен жұмыс жүргізудің жаңа нысандарын жасаушы, жаңашыл және жауапты болуы тиіс.
Педагогтің әр баламен жеке қарым-қатынасы маңызды және сапалы өзара әрекет болып табылады.
Педагог білім беру ұйымының аумағында балаларды қабылдауды (ауа-райының жағдайларына байланысты), сабақтарды, сергіту сәттерін, ойындарды және балалар әрекетінің басқа да түрлерін ұйымдастырады.
Педагог мынадай түсініктерді, біліктер мен дағдыларды қалыптастырады:
- «дұрыс» - «бұрыс», «болады»-«болмайды»;
- сыпайылық және мейірімділік;
- дос болу, құрметтеу, көмектесу, бөлісу;
- қызығушылық таныту, қоршаған әлемді бақылау және зерттеу;
- тыңдау, түсіну және саналы сөйлеу;
- қауіпсіз мінез-құлық ережелері мен салауатты әдеттерді сақтау;
- физикалық белсенділікке, оның ішінде белсенді қимыл ойындарын ойнау;
- ересектерге көмектесу, еңбекқорлыққа баулу.
Педагог мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары сақталған жағдайда тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға құқылы.